C# Жылдам старт: Кіріспе

Бағдарламалау
Әйтеуір, IT саласына қатысты болып шыққан пенделерді жұбататын бір жайт — IT мамандары қазір үлкен сұраныстасыздар:) Қазіргі әлемде IT өте қарқынды дамып келе жатқаны ешкімге жаңалық емес болар. Сондықтан, қуаныңыздар. Өз мамандығыңызды орташадан сәл жоғары білсеңіз жеткілікті, жерде қалмайсыз:) Осы курс сол үйрену жолында бір себеп болсын.

Алдымен, программист деген кім деген сұраққа жауап бере кетейік. Себебі, бұл турада қателесетіндер өте көп. Программисттің басты міндеті — программа құру. Оның қызмет аясына — компьютер жөндеу, баптау, принтер тасу, антивирус орнату, т.б. сол секілді жұмыстар кірмейді, оған міндетті емес. Оларды жасайтын — сисадмин, айтишник деген сияқты арнайы кісілер болады. “Ты же программист” дегенге алданбаңыз:)

Программаның түрі көп: десктоп, веб, мобильді қосымшалар, веб сервистер, т.б. Бірақ, кез келген программаны жазу үшін бағдарламалау негіздерін білу керек. Курстың мақсаты — сол бағдарламалау негіздерін игеру үшін қажетті ең жеңіл минимумды көрсету. Кейін, толығырақ жаза жатармыз.

Жаңадан бастаған программисттерге 7 кеңес:
1. Логика(математика) — арнайы жаттығулармен шұғылдану арқылы логикалық ойлау қабілетін дамытуға болады.
2. Ағылшын тілі — жаңа материалдың барлығы ағылшын тілінде. Ағылшынша, құрығанда орысша оқып, түсіне білу керек. Техникалық әдебиетті оқу — қай тілде болмасын бастапқы кезде оқуға қиын. Оған терминдерді жаттап, өте көп оқу арқылы көз үйретуге болады.
3. Google — іздеу жүйелерін қолдана білмейтін программист көп уақытын кітап ақтарумен өлтіреді.
4. Интенсивті код жазу — прогер код жазған сайын дами түседі.
5. Тұрақтылық — әсіресе, бастапқы кезде, бір жерін оқып жатсаң, басын ұмытып жататын кездер болады. Ол қалыпты нәрсе. Мейлінше тұрақты айналысып, уақыт өткен сайын тәжірибеңді ой елегінен өткізіп, барлығын өз орнына келітіріп отырған жөн. Синтаксис жаттау маңызды емес, бастысы технологияның жұмыс жасау принципін, ерекшелігін түсіну.
6. Блок-схема — есеп шығару кезінде компьютере код жазуға асықпаңыз. Алдымен, блок-схемалармен қағазда, болмаса ойда шығарсаңыз ғана, пернетақтаны қолданыңыз. Дайын алгоритмді кодқа айналдыру қиын емес.
7. Уақыт — қиындықтар, әлбетте, болады. Уақыт өте 100 рет бұл сіздің ісіңіз емес секілді болып көрінуі мүмкін. Мойымаңыз. Тұрақты жұмыс істесеңіз, нәтиже болмауы мүмкін емес. Кемінде 6 ай уақыт беріңіз өзіңізге. Сол уақыт ішінде апта сайын өз прогресіңізді бақылап отырыңыз. Егер тұрақты жұмыс жасасаңыз, бірінші айдан кейін де бұрын түсінбеген көп нәрсе айыра бастайсыз — деп үміттендіріп қояйын.

Сонымен, бұл курстың кіріспесі болатын. Болашақ қазақ елінің прогерлары, тек алға! Біз біргеміз, IT-блогқа келіп тұр, жазып тұр. Тәжірибеңмен бөліс!

0 пікір

Тек қана тіркелген және авторизациядан өткен қолданушылар пікір қалдыра алады.