namespace немесе Атаулар кеңістігі

Бағдарламалау
С# тілімен айтқанда, Атаулар кеңістігі — .NET Framework платформасындағы көптеген класстармен жұмыс істеу мүмкіндіктерін ұтымды ұйымдастыру үшін құрылған элемент.

Жаңа тақырыпқа класс, объекті ұғымдарын бір қайталау арқылы енсек оңайырақ.
Мысалға, объекті деп оқушыны алайық. Ешбір оқушы классыз білім алуы мүмкін емес. Оқушы өз функцияларын атқару үшін оны міндетті түрде бір сыныпқа тіркеп қояды. Сол сияқты ешбір сынып та мектепсіз бола алмайды. Класстар жүйелі жұмыс жасауы үшін мектептерде орналасады.
Құрылу ретімен тізгенде:
Ең бірінші мектеп құрылады(namespace — атаулар кеңістігі), оның ішіне класстар(class — класс) құрылады, класстардың ішіне оқушылар(instance — объект) тіркеледі.

Нағыз жұмысты жасайтын тек оқушылар. Ал оның сыртындағы класс пен мектеп қол астындағы оқушылармен жұмыс жасау жүйесін жеңілдету мақсатында құрылады.

Бұл мысалға қарап отырып namespace тек қана біреу болады екен деп ұғып қалмаңыздар,
.NET Framework платформасында біраттас класстар кездесіп қалғанда конфликт тудырмас үшін, ол класстарды бір-бірінен ажырату мақсатында namespace сыртында тағы да namespace құрыла беруіне шектеу қойылмаған.

Нақтылау мақсатында тағы бір мысал келтіре кетейін:
Мен ауылда оқығанда аты мен тегі бірдей екі қыз болатын. Оларды тақтаға шақырғанда қайсысын шақырып тұрғаны белгісіз болатын. Сол кезде апайлар: «Дәуімбай жақта тұратынын» шақыратын. Сынып ду күледі. Неге? Себебі, екеуі де Дәуімбай жақта тұратын.))Оқушылар, әңгіме арасында тілге тиек еткенде нақты қайсысын айтып жатқанын аңғару үшін біреуінің аты-жөніне "Әпірезовтағы" деген тіркеуді қосып айтатын едік. Онымыздан хабардар апайлар сол кезде "Әпірезовтағысын" шақыратын. Сонда барып нақты қайсысын айтып тұрғанын ұғатынбыз.

Кодпен шамаласақ, былай шығу керек еді:
Бірінші қыз:
Әпірезов.Дәуімбай.Тегі.Есімі ( ); namespace.namespace.class.Method ( );
Екінші қыз:
Дәуімбай.Тегі.Есімі ( ); namespace.class.Method ( );

Жалпақ тілмен айтқанда, атаулар кеңістіктері объекттердің «пропискасы» екенін ұққан боларсыздар.

0 пікір

Тек қана тіркелген және авторизациядан өткен қолданушылар пікір қалдыра алады.